
Алматыда психикалық денсаулық орталығынан екі науқас жоғалып кеткен, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бірі сәуірде, екіншісі мамырда медициналық мекемеден шығып кеткен.
Қазір олардың екеуін де полиция іздестіріп жатыр.
Науқастарды іздеу туралы ақпаратты әлеуметтік желіде Алматы облысының LIDER.KZ еріктілері жариялады.
Бірінші жағдайда 1989 жылы туған әйел 16 сәуірде сағат 09:00 шамасында Алматыдағы психикалық денсаулық орталығынан кеткен. Оның бойы – 167 см, дене бітімі орташа, көзі қоңыр, шашы ұзын, қара-ақшыл. Бетінде бөртпелері бар. Ол қою көк велюр күрте, күлгін шалбар және көк резеңке тәпішке киген.
«Психикалық бұзылулардан зардап шегетін адамдарды шұғыл түрде іздейміз. Екеуі әр уақытта жоғалып кеткен. 1989 жылғы әйел, Алматыдағы психикалық орталықтан 16 сәуірде сағат 09.00 шамасында кетіп қалған. Бойы 167 см, дене бітімі орташа, көздері қоңыр, шаштары қара-ақшыл, ұзын, бетінде бөртпелер бар. Үстінде қою көк велюр куртка, күлгін шалбар, көк резеңке тәпішке киген», — деп жазды LIDER.KZ.
Екінші науқас – 35 жастағы ер адам. Ол 13 мамырда сағат 08:00 шамасында Бостандық ауданындағы Кекілбайұлы көшесі, 117А мекенжайындағы психикалық денсаулық орталығынан кеткен.
«35 жастағы ер адам. 13 мамыр сағат 08.00 шамасында Бостандық ауданы, Кекілбайұлы көшесі, 117А үй мекенжайы бойынша психикалық денсаулық орталығынан қашып кетті. Белгілері: бойы 180 см, дене бітімі орташа, шашы сұрғылт, қысқа, көздері қоңыр, сол көзінің жанында меңі бар», — дейді еріктілер.
Еріктілер тұрғындарды сақ болуға шақырды. Егер сипаттамасы сәйкес келетін адам кездессе, оны өз бетінше ұстауға немесе жанжал шығаруға болмайды. Оның орнына ақпаратты көрсетілген байланыстарға немесе полицияның 102 нөміріне хабарлау қажет.
Алматы қаласының полиция департаменті екі жағдайды да растады. Алайда бұл бір оқиға емес.
«Медициналық мекемеден науқастардың жоғалуына қатысты екеуі екі бөлек факті. Ер адам мен әйел медициналық мекемеден әр күнде шыққан және олардың бір-біріне еш қатысы жоқ», — дейді полиция.
Ведомствоның мәліметінше, екі факті бойынша да Бостандық аудандық полиция басқармасы іздестіру істерін қозғаған. Қазір олардың жүрген жерін анықтап, медициналық мекемеге қайтару үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.



