Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында көз жұмған жолаушыға қатысты қызметтік тексеру аяқталып, бірқатар қызметкер жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
«Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінше, қайғылы оқиға 2026 жылғы 13 шілдеде №691/692 жолаушылар пойызында Қандыағаш – Ақтөбе бағыты бойынша болған.
Компанияның хабарлауынша, көз жұмған ер адам пойызда билетсіз жүрген. Ол вагонға жолсеріктің рұқсатымен мінген. Сапар барысында жолаушының жағдайы күрт нашарлап, кейін ол қайтыс болған.
Сондай-ақ компания вагондағы кондиционердің қалыпты жұмыс істегенін және температуралық режимнің белгіленген талаптарға толық сәйкес болғанын атап өтті.
Пойыз Ақтөбе станциясына келгеннен кейін марқұмның денесі қажетті процессуалдық шараларды жүргізу үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсырылған.
Оқиғаға байланысты жүргізілген қызметтік тексеру нәтижесінде екі жолсерік пен пойыз бастығы қызметінен босатылды. Сонымен қатар Ақтөбе учаскесінің бастығы мен өндірістік оқыту жөніндегі нұсқаушыға қатаң сөгіс жарияланды. Ал «Батыс» филиалының басшылық құрамына қатысты жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік шаралар қолдану жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын Ақтөбе станциясындағы көліктегі полиция бөлімі тексеріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушы екі жақты өкпе қабынуынан көз жұмған болуы мүмкін.



