Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматы–Қаскелең тасжолы кеңейтіледі: құрылыс 20 шілдеде басталады

Алматы мен Қаскелең арасындағы көлік кептелісін азайту үшін жолдың 8 шақырымдық бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Жоба Президент тапсырмасымен жүзеге асырылады. Құрылыс 20 шілдеде басталып, жаңартылған жолды 2027 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған.

Алматы мен Қаскелең арасындағы көлік кептелісін азайту үшін ірі жол құрылысы жобасы басталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жолдың ең көп жүктеме түсетін 8 шақырымдық бөлігі сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға арналған кеңесте Алматы–Қаскелең бағытындағы көлік қозғалысына қатысты тұрғындардың шағымдарына ерекше назар аударылғанын айтты. Оның сөзінше, мердігер ұйым осы аптаның соңына дейін барлық қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдырып, құрылыс жұмыстарын 20 шілдеде бастауы тиіс.

Үкімет басшысы жобаның сметалық құны бекітілгенін және оны ұлғайтуға жол берілмейтінін атап өтті. Сондай-ақ жоба үшін сатып алынатын жер телімдерінің бағасы алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында 2026 жылғы 14 шілдедегі деңгейде белгіленуі қажет екенін тапсырды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде көлік ағынын азайту үшін қосымша инфрақұрылымдық жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Ұзынағаштан басталатын ұзындығы 32 шақырым болатын балама жолдың құрылысы. Бұл бағыт негізгі магистральдағы көлік жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Алматы–Қаскелең жолы агломерациядағы ең қарбалас бағыттардың бірі саналады. Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, қалаға күн сайын шамамен 300 мың көлік кіреді, ал қала ішіндегі жалпы көлік қозғалысы тәулігіне 1 миллионнан асады. Оның ішінде Алматы–Қаскелең тасжолымен тәулігіне шамамен 60 мың автокөлік қатынайды.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев таныстырған жобаға сәйкес, кеңейтілетін 8 шақырымдық учаске сегіз жолақты болады. Сонымен қатар екі жолайрық пен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынады. Жобаны қаржыландыру Қазақстанның Даму банкі арқылы жүзеге асырылады.

Жаңартылған жолды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен бірге Үкімет отырысында Алматы агломерациясының көлік инфрақұрылымын дамыту аясында Алматы–Есік және Алматы–Талғар бағыттарындағы жолдарды жаңғырту, сондай-ақ метро мен рельсті көлік желісін кеңейту мәселелері де қаралды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button