
Алматының Түрксіб ауданында орналасқан қоймада ірі өрт шығып, оқиға орнына бірнеше жедел қызмет жұмылдырылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
ТЖМ мәліметінше, 112 қызметіне Сүйінбай даңғылы бойындағы қоймадан өрт шыққаны туралы хабар түскен. Құтқарушылар жеткен кезде құрылыс материалдары сақталған бір қабатты ғимарат толықтай жалынға оранған.
Өртті жедел ауыздықтау үшін арнайы штаб құрылып, ТЖМ бөлімшелері, қалалық құтқару қызметі, өрт сөндіру пойыздары, Апаттар медицинасы орталығы мен өзге де жедел қызметтер жұмыс істеді. Сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ТЖМ-нің және «ҚТЖ»-ның өрт сөндіру пойыздары тартылды.
Мамандардың үйлесімді әрекетінің арқасында қоймадағы қымбат техникалар мен кәсіпкерлердің тауарлық-материалдық құндылықтарының басым бөлігі сақталып қалды. Сондай-ақ жалынның көрші қоймалар мен жақын маңдағы нысандарға таралуына жол берілмеді.
Өрт толықтай сөндірілді. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.



