Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматыдағы LRT 2027 жылдың соңында іске қосылады

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің құрылысы жалғасып жатыр. Жоба бойынша алғашқы бағыттың ұзындығы 18 шақырымды құрап, 34 аялдама салынады. Жаңа көлік жүйесін 2027 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған.

Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту департаменті жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін 2027 жылдың соңына қарай пайдалануға беру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта құрылысқа дайындық жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Мамандар ескі трамвай рельстері мен жолдың асфальт жабынын бөлшектеп, жаңа көлік жүйесінің негізін қалауға кірісті.

Жобаның алғашқы бағыты Алатау ауданындағы индустриалды аймақты қала орталығымен және Алматы-2 теміржол вокзалымен байланыстырады. Желінің жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайды және онда 34 аялдама қарастырылған. Әр пойыз шамамен 285 жолаушыны тасымалдай алады. Қозғалыстың орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырымға дейін болады.

Астанадағы LRT жүйесінен ерекшелігі – Алматыдағы желі негізінен жер үстімен өтеді және көпдеңгейлі эстакадалар аз салынады. Сонымен қатар пойыздар дәстүрлі әуе электр желілерін пайдаланбайды.

Департамент басшысының орынбасары Асан Бостановтың айтуынша, жаңа құрамдар өз аккумуляторларының көмегімен қозғалып, станцияларда қайта қуатталатын заманауи технологиямен жабдықталады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button