«Алтыналмас АК» АҚ-ға қарасты «Пустынное» тау-байыту кешенінде қайғылы оқиға орын алып, жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Компанияның мәліметінше, оқиға 23 шілде күні сағат 11:30 шамасында өндірістік нысан аумағында болған. Қайғылы жағдай салдарынан «Пустынное» ТБК-нің екінші сатыдағы ұсақтау корпусының конвейер машинисі көз жұмған.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын құзырлы мемлекеттік органдар анықтап жатыр.
Компания басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ әріптестеріне көңіл айтып, қаза болған қызметкердің отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар «Алтыналмас АК» АҚ өкілдері қоғамды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырып, оқиғаға қатысты расталмаған немесе жалған мәліметтерді таратудан бас тартуды сұрады. Компания мұндай ақпарат ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертті.


