
Степногорск қаласында Lexus GX470 көлігінің ұрлығы жол-көлік оқиғасынан кейін белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ең қызығы – көлік иесі сол сәтте өзінің көлігі ұрланғанын мүлде білмеген.
Полицияға жол апаты туралы хабарлама 20 шілдеде түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жүргізушінің мас күйде болғанын және көліктің өзіне тиесілі емес екенін анықтады.
Тергеу барысында көліктің иесі табылды. Оның айтуынша, кешке көліктің кілтін қасына қойып ұйықтап қалған. Сол уақытта үйде жұмысшылары болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшылардың бірі иесі ұйықтап жатқанда кілтті алып, досымен қыдыруға шыққан. Жолда екеуі апатқа ұшырап, осы оқиға арқылы көліктің заңсыз айдап әкетілгені әшкереленген.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция көлік иелеріне кілттерді қараусыз қалдырмауға және қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берді.



