Әлеумет және қоғамДенсаулықЖаңалықтар

Денесінің 90%-ы күйген: алматылық дәрігерлер 26 жастағы жігітті ажалдан арашалап қалды

26 жастағы ер адамның газ баллонының жарылысынан кейін денесінің шамамен 90 пайызы күйіп қалса да, алматылық дәрігерлер оның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Оқиға бір ай бұрын болған. Ер адамның қорасында тұрған газ баллоны жарылып, салдарынан денесінің 89 пайызы күйік шалған. Оның 15 пайызы терең күйік болған. Ең ауыр жарақат сол қолына тиген.

Науқас ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізіліп, алдымен шокқа қарсы ем қабылдады. Кейін дәрігерлер зақымданған қолына шұғыл қалпына келтіру операциясын жасап, бірнеше кезеңмен тері трансплантациясы мен реконструктивтік оталар жүргізді.

№4 қалалық клиникалық аурухананың күйік бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменовтің айтуынша, пациент төрт тәулік бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Жағдайы тұрақтанған соң күйік бөлімшесіне ауыстырылған.

«Пациент бізге өте ауыр жағдайда түсті. Мұндай көлемдегі күйіктер дәрігерлер үшін ең күрделі сынақтардың бірі. Дегенмен, мультидисциплинарлық команданың үйлесімді жұмысының арқасында оның өмірін сақтап қалдық», – деді дәрігер.

Ал пациент Александр Артуков өзін емдеген барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтып, көрсетілген медициналық әрі моральдық қолдаудың сауығуына үлкен әсер еткенін жеткізді.

Қазір ол өздігінен жүріп-тұра алады және өзін күте алатын жағдайға жеткен. Алайда алда оны ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button