
Павлодардағы банк бөлімшесінде болған оқиғадан зардап шеккен зейнеткерлердің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
15 шілде күні облыстық ауруханаға 1951 жылы туған әйел мен 1948 жылы туған ер адам жеткізілген.
Дәрігерлердің мәліметінше, әйелдің оң қолы мен білегі жарақат алған. Сондай-ақ оның беті, мойны, екі аяғы I-II дәрежелі күйік шалып, көзінен де жеңіл жарақат анықталған. Қажетті травматологиялық және офтальмологиялық көмек көрсетілгеннен кейін ол амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Ал ер адам жеңіл дәрежедегі көз күйігін алған. Медициналық көмек алғаннан кейін ол да үйіне жіберіліп, амбулаториялық бақылауға алынған.
Еске салайық, Павлодардағы банк бөлімшесінде алаяқтардың айдауына ерген зейнеткерлер торттың ішіне жасырылған петарданы тұтатып, салдарынан оқиға орнында дүрбелең туған еді. Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.



