Солтүстік Қазақстан облысында 34 жастағы жүкті әйелдің жолда көз жұмуына байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр. Марқұмның жақындары жедел жәрдем көлігі жолдың сапасыздығынан науқасқа дер кезінде жете алмай, қажетті медициналық көмек кеш көрсетілгенін алға тартты. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Halyqstan Instagram парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, әйелдің жағдайы жол үстінде күрт нашарлаған. Алайда Пресновка мен Благовещенка ауылдарының арасындағы жолдың нашарлығы салдарынан жедел жәрдем көлігі белгіленген жерге уақытында жете алмаған.
Туыстарының айтуынша, дәрігерлер 37 шақырымдық жолды шамамен бір жарым сағатта жүріп өткен. Олардың пікірінше, дәл осы кешігу ана мен іштегі сәбидің өміріне қауіп төндіріп, қайғылы жағдайға әкелген.
Марқұм ауданға белгілі ұстаз, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан азамат, екі баланың анасы әрі отбасындағы жалғыз қыз болған.
Жақындары қайғылы оқиғаға жолдың нашарлығы ғана емес, медициналық қызмет көрсету барысында жіберілген ықтимал кемшіліктер де әсер етуі мүмкін деп есептейді.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, Пресновка мен Благовещенка арасындағы жолдың жағдайы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Олар бұл мәселе бойынша түрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінгенімен, бүгінге дейін нақты нәтиже болмағанын айтады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.



