Жаңалықтар

ТАНЫМАЛ ЗЕРГЕР ҰЛТТЫҚ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕРДІ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТЫП ЖҮР

Есімі әлемге танымал қазақ зергері… Он саусағынан бал тамған шебер Берік Әлібай қазақтың ұлттық сәндік-қолданбалы өнерін жаһанға танытып жүр. Оның қолынан шыққан ерекше әшекей бұйымдар әлемнің белгілі саясаткерлері, өнер жұлдыздарының талғамынан шығып, танымал көрмелерден орын алған. Халықаралық Фаберже орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібай 35 жылдан бері зергерлікпен айналысады. Хас шебердің қолынан шыққан сақина, алқа, сырға, білезік секілді зергерлік бұйымдар көздің жауын алады. Ұлттық нақышта жасалған әшекейлер күміспен күптеліп, асыл тастармен көмкеріледі. Күмістің қасиетін халқымыз ертеден біліп, тұрмыс салтында кеңінен қолданған дейді зергер.  Берік Әлібай, зергер: — Дана халқымыз ертеден білген ғой бұл күмістің пайдасын. Әлгі «алтын сәндікке, күміс емдікке» деп босқа айтпаған. Өйткеніcкүмістің табиғатта кездесетін 400-500-ге тарта микробтарды өлтіретін күші бар екенін білген. Өйткені күміс тақпай, қолында білезік, күміс бұйымдары болмаса тамақ жасауға да рұқсат бермеген. Сондықтан нан илегенде де қолына жүзік тағып, білезік тағып тамақ істегенде. Ал күміс бұйымдары жоқ  адамның істеген тамағын ішпеген кездер де болған мысалы. Берік Әлібайдың есімі алыс-жақын шетелге кеңінен танымал. Қазақ шеберінің қолынан шыққан ұлттық бұйымдар Иордания патшайымы Рания Әл-Абдулланың сүйікті әшекейлерінің қатарынан орын алған. Ұлттық бұйымдарымыздың үлкен сұранысқа ие болуына зергердің байырғы технолонияларды қолдануы себеп. Шебер зергерлік бұйымдарды жасау барысында бүршіктеу, ширатпа, сіркелеу сияқты бірнеше тәсілдерді қолданады. Әр әшекейдің өзіне тән атауы мен мән-мағынасы бар дейді. Берік Әлібай, зергер: — Мысалы, мынау үлкен, көлемді жүзіктер бұл «құдағи жүзік» деп аталады. Артында екі сақинасы болады. Екі жастың басын қосқан, бір шаңырақ астында ұйытқан енелерге (құдағиына) 1 жылдан кейін барып, «сіз менің қызымды жақсы қабылдадыңыз, өз қызыңыздай көрдіңіз, мен сізге ризамын» деп құдағиына осындай жүзік таққан. «Қостұмсық» жүзік болады. Бұл құстұмсық жүзік бұл «құстай еркін» деген мағынаны білдірген. Қыздардың басы бос, айттырылмаған қыздар осындай қостұмсық жүзіктер таққан. Зергерлік бұйымдар қыз-келіншектердің сұлулығын айшықтап, ерекше әсемдік сыйлайды. Ұлттық әшекейлеріміз тәрбиенің де айқын көрінісі болған дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы. Бұлбұл Кәпқызы, этнограф: — Көбінде қыз балаларға сақина, жүзік тағуға болмайды ғой. Қыз баланың тағатын сәндік осы күмістен жасалған заты шолпы ғана болған. Шолпы, шашбау деп бөлінеді ғой. Шашбауды орта жастағы әйелдер, жалпы әйел болғаннан кейін тағады.

Ал шолпыны тек қана қыз бала таққан. «Шолпысы сылдырлап» дейді ғой. Қыз баланың мінез-құлқын жөндейді, денесін дұрыс алып жүруін жөндейді. Мысалы, шолпысы қатты сылдырап өтіп бара жатқан кезде оның мінезі тарпаңдау, мінезі нашарлау екенін білдіреді. Ал шашына таққан екі шолпының ешқандай дауысы шықпайтын болса, ол қыздың биязылығын,  жүріс-тұрысының әдемі, бизялығын көрсетеді.  Бүгінде жастар арасында ұлттық нақыштағы бұйымдарға қызығушылық жоғары. Бұл жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, оларға өнегелі тәрбие берудің бір жолы. Дана Бекмырза, студент: — Менің өзім жеке басым осындай әшекейлерді таққанды жақсы көремін.

Қарап тұрсаңыз, осындай күміс жалатылған, алтын жалатылған қазақи нақыштағы әшекейлер біздің күнделікті образымызға ерекше өң беретін сияқты көрінеді. Және осындай әшекейлерді таққан кезде бір ерекше қазақи рухты да сезінесің. Өзіміздің президентіміз айтпақшы, бұндай әшекейлерді тек наурыз айында ғана емес, күнделікті өмірде тағып жүрсе дейм.  Берік Әлібай сияқты отандық зергерлеріміздің арқасында көненің көзіндей болған жәдігерлеріміз қайта жаңғыру үстінде. Бұл жауһарлар шетелден келетін меймандарды тамсандырып, қазақтың қолданбалы өнерін әлемге паш етуде.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close