
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында болған орман өртін толық сөндіру жұмыстары тоқтаусыз жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
17 шілде таңғы сағат 08:00-дегі мәлімет бойынша, тілсіз жаумен күреске 769 адам, 191 арнайы техника және 8 тікұшақ тартылған.
Қазіргі таңда өрт ошағында ашық жалын байқалмайды, алайда түтіндеп жатқан жекелеген аумақтарды сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түн бойы мамандар өрттің таралуына жол бермеу үшін бүкіл периметрді бақылап, таң ата жетуі қиын жерлерге жаяу десант жіберілді. Сонымен қатар, әуе техникасы арқылы өрт ішіне су төгу жалғасуда.
Өрт аумағындағы жағдаймен танысу үшін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли тікұшақпен әуеден бақылау жүргізді.
Өрт басталғалы бері авиация 243 рет су төгіп, жалпы 546 тонна су жеткізген. Мамандар жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.



