Білім

Оралман және білім

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті ең алдымен шеттегі этникалық қазақ балаларының елімізде білім алу мүмкіндігін назардан тыс қалдырған емес. «Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру» мәселесі Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 «Білім туралы» Заңының  66-бабында қарастырылған.

Онда былай деп ашық көрсетілген:

1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.

2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі.

3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Бұл жерде қандастарымыздың «Оралман» мәртебесінің бар не жоқ екендігі талап етілмеген. Тек, «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар» ғана деп жазылған.

Демек, «Білім туралы» Заңының осы бабына сай кез-келген этникалық қазақ баласының Қазақстан Республикасынан білім алуға құқығы бар деген сөз.

Екінші бір үлкен жеңілдік –  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 қарашадағы №1188 «Кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде адамдардың жекелеген санаттары үшін қабылдау квотасын белгілеу туралы» Қаулысы.

Бұл Қаулыда «Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға – 2 пайыз квота берілсін» делінген. Мысалы, 2016 жылы талапкерлерге 31 700 білім гранты бөлінсе, соның 2 пайызы шеттен келген қандастарымызға арнайы беріледі.

Үшінші бір тиімділік — Қазақстан Республикасына білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін:

1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге;

2) тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.

Бұл – өткен 2015 жылы қайталай өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, 24 қарашада Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған, биыл 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының «Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттері» деген 33-бабына толықтырылған жаңа екі тармақша.

Осы бап бойынша, оралман студенттер Жоғары оқу орындарының жатқханасына уақытша және тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін Көші-қон полициясы басқармасына өтініш-құжаттар тапсыра алады.

Өкінішке орай, Жоғары оқу орындарының жатақханасын басқарушылар жоғарыда айтылған «Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға – 2 пайыз квота берілсін» деген Үкімет Қаулысына сай грантпен оқитын оралман студенттерге бола арнайы жасалған осы тиімділікті жете түсінбей жатқан көрінеді. Тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш берген этникалық қазақ студенттеріне жатақханаға тұрақты тіркеуге тұруға «Келісімхат» бермей жатқан жайы бар екен. Бұл дұрыс емес!

Егер, шынымен де Жоғары оқу орындарының жатақханалары грантпен оқитын этникалық қазақ студенттерге тұрақты тіркеуге «Келісімхат» бермесе, ол студенттердің Жатақхана қожайынын сотқа беріп, Заңда көрсетілген өз құқықтарын қорғауларына әбден болады. Бұл – мәселені шешудің ең өркениетті тәсілі!

Қысқасы, шетте жүрген этникалық қазақ жастары Тәуелсіз Отаны – Қазақстанның және оны басқарып отырған Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өздеріне жасап отырған осынау мол қамқорлығын жете түсінсе екен, студент қандастарымыз өздерінің Заңда көрсетілген құқықтарын пайдалана білсе екен дейміз. Бір сөзбен айтқанда, қандас жастарымыздың Қазақстанда білім алуына, осында тұрақтап тұрып қалуына барлық жағдай жасалған!

Ауыт Мұқибек

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close