Жаңалықтар

Эскорт: «Айка тізімін» түзген блогер бостандыққа шықты

Өткен жылы “Айка” атымен белгілі Айғаным Мырзахметоваға қатысты шығарылған 6,5 жылдық үкімнің орындалуы екі жылға шегерілді. Осы уақыт аралығында ол пробациялық бақылауда болып, кейін мерзімін жалғастыру үшін қайтадан колонияға баруы тиіс, деп жазады qandastar.kz

Абай облысы Жарма аудандық соты сотталушының жазаны кейінге қалдыру туралы өтінішін қарады. Мұндай өтініш беруге оның кәмелетке толмаған баласының болуы негіз болған.

2024 жылдың 21 мамырында Мырзахметова психотроптық заттарды аса ірі көлемде сатып алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ жеңгетайлықпен айналысу фактілері бойынша кінәлі деп танылып, қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберілген еді. Белгіленген жазаның қажетті бөлігін өтеген соң, ол жеңілдетілген тәртіпке ауыстыруды сұраған, бірақ 2025 жылдың 31 шілдесінде сот бұл өтінішті қабылдамады.

Осы арада ҚК-нің 74-бабына енгізілген өзгерістер күшіне еніп, кішкентай баласы бар әйелдерге жазаны кейінге қалдыруға мүмкіндік берілді. Осы норманы негізге алған оның адвокаты сотқа жаңа өтініш түсірді. Қарау кезінде қорғаушы, мекеме қызметкері және прокурор да бұл ұсынысты қолдады.

Сот оның 2020 жылы туған баласы бар екенін, мекемедегі тәртібі қанағаттанарлық екенін, жазаның жеңіл түрінде отырғанын, бір мақтау мен бір ескерту алғанын және қарыздары жоқ екенін назарға алды. Осы деректерді ескере отырып, сот жазаның орындалуын екі жылға кейінге қалдыру туралы шешім шығарды.

Қылмыстық кодекстің 74-бабы кішкентай баласы бар әйелдерге, егер олардың қылмыстары ерекше ауыр санатқа кірмесе, уақытша босатылуға мүмкіндік береді. Мырзахметова жасаған әрекеттер бұл тізімге енбейді.

Сот шешімінде баланың жағдайы, қылмыстың мәні мен ауырлығы ескерілгені айтылып, үкімнің орындалуын шегеру орынды деп танылғаны көрсетілді. Екі жыл бойы айыпталушы пробациялық бақылауда болады.

Бұған дейін Алматыда элиталық эскортпен айналысқан тұлғалар туралы тізім жарияланып, оның “Айка” лақап атымен танылған блогердің телефон кітапшасынан алынғаны айтылған болатын.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button