Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері аса күрделі ота жасап, 16 магнит тасын жұтып қойған үш жасар баланы аман алып қалды. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп жазады qandastar.kz сайты zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қабылдау бөлімінде балаға дереу медициналық көмек көрсетілген.
Қабылдау бөлімінде науқасқа шұғыл медициналық шаралар жүргізіліп, одан кейін хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Рентгенологиялық зерттеудің тікелей проекциясында баланың ішінен бөгде зат анықталды. Тиісті медициналық тексерулерден кейін балаға жедел ота жасалды, – делінген хабарламада.
Дәрігерлер видеоэзофагогастроскопия әдісін қолдана отырып, баланың асқазанынан диаметрі шамамен 0,5 сантиметр болатын 16 магнит тасын анықтаған. Магниттердің бір-біріне тартылуы ішкі ағзаларға аса қауіпті болған.
Бөгде заттар эндоскопиялық граспердің көмегімен ағзадан толық алынып тасталды. Қазіргі таңда баланың жағдайы қанағаттанарлық, дәрігерлер науқастың өміріне төнген қауіптің дер кезінде алдын алды, – дейді дәрігерлер.
Медицина мамандары ата-аналарға балалардың ұсақ заттармен ойнауына жол бермеуге және күмәнді жағдайларда бірден дәрігерге жүгінуге шақырады.



