Түркістан облысында мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібіне қатысты тендерге 5 219 827 теңге бөлінгені қоғамда сын туғызды. Бұл туралы блогер Сәбит Рысбаев өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп жазады Qandastar.kz порталы.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен дотация алып отырған өңірдің мұндай шығындарға баруы түсініксіз.
«Түркістан облысы республикалық бюджетке жатып алған өңірлердің бірі ғой. Бірақ беталды ақша шаша береді. Мынадай лот ойнатып, оған 5 219 827 теңге бөле салғаны ше? Мемлекеттік рәміздерді қалай ілу туралы да тендер ойната ма? Онсыз да заңда жазылып тұрған жоқ па ол?» – деп жазды блогер.
Сәбит Рысбаевтың пікірінше, мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібі заңмен нақты бекітілген, сондықтан бұл бағытта қосымша қызмет сатып алудың қажеттілігі күмән тудырады.
Аталған тендерге қатысты әзірге облыс әкімдігі немесе жауапты мемлекеттік органдар тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.



