
Алматы әуежайында 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиада ойындарының мәнерлеп сырғанаудан чемпионы Михаил Шайдоровты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Туған қалама, өз шаңырағыма оралдым!
Қарсы алып, ықылас білдірген барша жанға шынайы алғысымды айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз бен жылы лебіздеріңізді сезіндім.
Рахмет саған, Алматы», — деп жазды чемпион.
Спортшының терминал залына келуі жиналған көпшіліктің ерекше қуанышы мен зор қошеметіне ұласты.
Алматылықтар ел спортының тарихына жаңа белес қосқан өз батырын ыстық ықыласпен қарсы алды.
- Михаил Шайдоров — мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып, ел қоржынына соңғы 32 жылдағы қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы алтын медалін салды. Спортшының жеңісіне орай қаладағы LED-экрандарда құттықтау бейнероликтері көрсетіліп, «Көктөбе» телемұнарасы мерекелік жарықпен көмкерілді.



