
Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылында болған атыс салдарынан екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға 9 шілде күні болған.
Полиция дерегінше, аталған факті бойынша бірден бірнеше баппен қылмыстық іс қозғалды.
«Бұл факт бойынша кісі өлтіруге оқталу, бұзақылық, сондай-ақ суық қаруды заңсыз алып жүру және өткізу белгілері бойынша қылмыстық істер қозғалды», – деп мәлімдеді Маңғыстау облысының полиция департаменті.
Жедел-іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысы бар адамдар анықталып, қолға түскен.
«Жедел-іздестіру нәтижесінде жанжалға қатысушылар анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құрбан болғандар жоқ», – деп хабарлады полиция.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.



