
Үш елдің қорғау органдары бірлескен арнайы операция жүргізіп, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеу барысында Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың тапаншамен атылып өлтірілуіне қатысты іс қысқа мерзімде ашылған.
Үш елдің полициясы бірлесіп жұмыс істеп, қылмысты жасаған екі күдіктіні қолға түсірген.
Сондай-ақ кісі өлтірудің ұйымдастырушысы мен тапсырыс берушісі анықталған. Олар халықаралық іздеуде жүрген трансұлттық қылмыстық ортаның өкілдері екені айтылды.
Жиналған мәліметтер Қазақстанда да бірқатар ауыр қылмыстың бетін ашуға мүмкіндік берген. Соның ішінде Алматыда 2025 жылдың тамызында қала тұрғынын өлтіруге оқталған қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталып, одан қылмыс қаруы тәркіленген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Қазақстан, Түркия және Грузияның күштік құрылымдары бірнеше кезеңнен тұратын арнайы операция өткізіп, қылмыстық топ мүшелерін үш елдің аумағында ұстаған.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер қару қолданылған бірнеше шабуылға қатысы бар. Олар қылмыстық идеологияны пайдаланып, диаспора өкілдерінің бизнесіне ықпал етуді көздеген.
Қазір барлық қылмыстық эпизод бойынша дәлелдер жиналып, басқа да қатысы бар адамдар анықталып жатыр. Тергеу органдары қылмыстық топтың ұйымдастырушысын жауапқа тарту бағытындағы жұмысты жалғастыруда.



