
Астанадағы базарлардың бірінде орналасқан екі қабатты әкімшілік ғимаратта газ-ауа қоспасы жарылып, үш адам жарақат алды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Байқоңыр ауданындағы Шәмші Жиенқұлова көшесінде болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, көлемі 50 литрлік композиттік газ баллонының герметикалығы бұзылып, салдарынан газ-ауа қоспасы жарылған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар барлау жүргізіп, үш зардап шеккен адамды анықтады. Олар медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Белгілі болғандай, жарылыс ғимараттың бірінші қабатында орналасқан тандыр самса пісірілетін бөлмеде болған. Соның салдарынан төбе жабындысының бір бөлігі мен есік ойығы опырылып түскен.
Қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын тиісті қызметтер анықтап жатыр.



