
Абай облысында орман өртіне байланысты 190 бала эвакуацияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының Бородулиха филиалында орман өрті шықты.
Жалын Камышенка орманшылығының 57-орамында тіркелген.
Қауіпсіздік мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және облыс әкімдігі бірлесіп, «DosBolLike» балалар лагеріндегі 220 адамды эвакуациялады.
Оның ішінде 190 бала мен лагерьдің 30 қызметкері бар. Барлығы Семей қаласына жеткізілді.
Өртті ауыздықтауға ТЖМ, Экология министрлігі, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, ҰҚК және жергілікті әкімдік күштері жұмылдырылған.
Оқиғаны үйлестіру үшін республикалық жедел штаб құрылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шамамен 60 гектар аумақты шарпыған. Әуеден 81 мәрте су төгіліп, жалпы 89 тонна су пайдаланылған.
Қазір полиция қауіпті аймақты қоршауға алып, өрт ошағына апаратын жолдарды жапты. Мамандардың мәліметінше, жағдай толық бақылауда, өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.



