
TikTok арқылы Англияға жұмысқа орналастыруға көмектесетінін айтып, азаматтарды алдаған елорда тұрғынына сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, күдікті әлеуметтік желіде шетелге жұмысқа жіберу туралы жарнама жариялап, қызығушылық танытқан азаматтарға кеңес берген.
Ол түрлі сауалнамаларды толтыруды ұсынып, кейін қызмет ақысы ретінде ақша аударуды талап еткен.
Алайда қаражатты алғаннан кейін уәде етілген қызметті көрсетпей, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Нәтижесінде 10 адам зардап шегіп, келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгеден асты.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген. Осы жайттарды ескерген сот оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сотталғанға бірқатар шектеулер қойылды: пробация қызметінің рұқсатынсыз тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ауыстыруға болмайды, түнгі уақытта үйден тыс жүруге тыйым салынды. Ал тұрақты жұмысы немесе оқуы болмаған жағдайда жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болады.
Елорда прокуратурасы қазақстандықтарды шетелде жұмыс іздеу кезінде сақ болуға шақырып, мұндай ұсыныстарды тек ресми және лицензиясы бар ұйымдар арқылы тексеруге кеңес берді.



