
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Aqtogai Milk» кәсіпорнында болған қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқан алты қызметкердің отбасыларымен кездесіп, көңіл айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ол марқұмдардың жақындары мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан толық қолдау алатынын мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, әр отбасыға материалдық көмек көрсетіліп, қызметкерлердің жыл соңына дейінгі жалақысы төленеді.
Сондай-ақ несиелерін өтеуге қолдау беріледі.
Бұдан бөлек, компания қаза болған азаматтардың кәмелетке толмаған балалары 18 жасқа толғанға дейін оларды күтіп-бағу және білім алу шығындарын толық өз мойнына алады.
Асайын Байханов Мемлекеттік еңбек инспекциясы, полиция және прокуратураға тергеу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Ол оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі әділ анықтап, еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына жол берген жауапты тұлғалардың заң алдында жауап беруін қамтамасыз етуді міндеттеді.



