Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Непалдағы жойқын су тасқыны: қаза тапқандар саны 734-ке жетті

Непалда су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 734 адамға жетті. Тағы 2 498 адам хабар-ошарсыз кеткен. Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Непалда жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 734 адамға жетті. Табиғи апат салдарынан тағы 2 498 адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы The Kathmandu Post басылымына сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Непал үкіметінің соңғы деректеріне сәйкес, жоғалғандардың арасында 589 шетел азаматы бар. Қазіргі уақытта табиғи апаттан зардап шеккен барлық аумақта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Құтқару және гуманитарлық операцияларға қауіпсіздік күштерінің 19 895 қызметкері тартылған. Оның ішінде 8 399 әскери қызметші Непал армиясынан, 7 213 полиция қызметкері және Қарулы полиция күштерінің 4 203 қызметкері бар.

Ресми мәлімет бойынша, күштік құрылымдар осы уақытқа дейін 8 186 адамды қауіпсіз жерге шығарған.

Қаза болғандар санының көп болуы мәйіттерді анықтау жұмыстарын қиындатып отыр. Жеке басы әзірге анықталмаған марқұмдардың денелері сақтау және сәйкестендіру рәсімдерін жүргізу үшін елдің әр өңіріндегі 21 ауруханаға жеткізілген.

Табиғи апат Қытай мен Непал шекарасындағы өткел маңында болған көшкіннен кейін басталған. Көшкін жол қатынасына, байланыс жүйесіне және электрмен жабдықтауға кедергі келтірген.

Кейін бұл аумақта ірі су тасқыны болып, жағдай күрделене түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғи апатқа жер сілкінісі мен одан кейінгі көшкіндер себеп болған.

Бұған дейін, 27 тамызда, Қытай мен Непалдағы су тасқыны салдарынан хабар-ошарсыз кеткендер саны мыңнан асқаны хабарланған еді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де апат аймағында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында үш қазақстандық әйел іздестіріліп жатыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button