«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығы Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің жетекшілігімен Қытайдың мемлекеттік Power China холдингінің делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Қытайлық делегация құрамында CINF металлургия бағытының директоры У Сяосун және PowerChina Group компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Ли Тэн болды.

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру перспективаларын, сондай-ақ өзара ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.
Power China өкілдері әлемнің түрлі елдерінде жүзеге асырылған ірі тау-кен және энергетикалық жобалардағы тәжірибесін таныстырып, күрделі өндірістік нысандарды жобалау мен салуда қолданылатын заманауи инженерлік шешімдер туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар қытайлық компания жобаланатын нысандардың құнын оңтайландыру тәсілдерін ұсынып, шығын құрылымын жетілдіру және болашақ жобалардың экономикалық тиімділігін арттыруға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесу қорытындысында «Қазақмыс» пен Power China өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, бірлескен жобаларды дамытуға және компаниялар арасындағы тікелей байланысты кеңейтуге мүдделі екендерін растады.
Power China – жобалау, инфрақұрылымдық құрылыс және энергетика салаларындағы әлемдегі жетекші холдингтердің бірі. Компания құрамына 76 еншілес кәсіпорын кіреді және бүгінде әлемнің 130 елінде ондаған ірі тау-кен және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып келеді.



