
Жамбыл облысының Шу ауданында «Қазақмыс» корпорациясы мен жергілікті әкімдік арасындағы меморандум аясында тоғыз әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оларға компания шамамен 800 млн теңге бағыттаған.
Жобалардың қатарында спорт және балалар алаңдары, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары, балабақшаны жөндеу және ірі спорт кешенінің құрылысы бар.
Мәселен, Бірлік ауылындағы саябақ жаңартылып, орталық аумаққа «Домбыра» ескерткіші орнатылады. Жобаға 22,6 млн теңге бөлінген. Қазір аумаққа тас төселіп, қоршау орнатылды. Ескерткішті қою жұмыстың соңғы кезеңінде жүргізіледі.
Қонаев ауылында 34,7 млн теңгеге шағын футбол және балалар ойын алаңдары салынып жатыр. Ал Көкқайнар ауылындағы мектеп аумағында шамамен 20 млн теңгеге спорт алаңдары жабдықталуда. Мұнда волейбол және баскетбол алаңдары жаңартылады.
Бірлікүстем ауылында тұрғындардың өтініші ескеріліп, алты көшеге жарық тартылды. Бұл жұмысқа 25,5 млн теңге жұмсалған.
Ең ірі жоба – Шу қаласында салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешені. Оның құны 627 млн теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, Қонаев ауылындағы балабақшаны жөндеуге 25 млн теңге, ал Шоқпар ауылын абаттандырып, көгалдандыруға 15 млн теңге қарастырылған.
Компания мен әкімдік бұл жобалар ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жаңартуға, балалар мен жастардың спортпен айналысуына жағдай жасауға және тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.



