Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Ақмола облысында заңсыз алтын өңдейтін жасырын цех әшкереленді

Ақмола облысының Шортанды ауданында бағалы металдарды заңсыз өңдеумен айналысқан жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. Тексеру барысында алтын құймасы, алтын құрамды материал, сынап, ірі көлемдегі ақша, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілер тәркіленді. Ұйымдастырушы қамауға алынып, тергеу жалғасып жатыр.

Ақмола облысында бағалы металдарды заңсыз өңдеумен айналысқан жасырын цехтың жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысы бойынша департамент прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданында жүргізілген жедел шаралар барысында құрамында алтыны бар кенді өңдеп, бағалы металл өндірумен айналысқан топтың заңсыз әрекетін әшкерелеген.

Тексеру кезінде алтын құрамды кенді ұсақтап, өңдеуге арналған арнайы жабдық, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, 2 миллион теңгеден астам қаражат пен 8 мың АҚШ доллары тәркіленді. Сонымен қатар тінту барысында қару-жарақ пен оқ-дәрілер де табылған.

Қаржылық мониторинг агенттігі қазіргі уақытта заңсыз өндіріске қатысы бар өзге тұлғаларды және өндірілген бағалы металдардың нақты көлемін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, ұйымдастырушы қамауға алынып, іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button