
Астанада таныстары мен көршілерінің сеніміне кіріп, оларды миллиондаған теңгеге алдаған әйелге қатысты сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, ол өзін ипотеканы тез рәсімдей алатын, баспана алуға көмектесетін және түрлі мекемелерде байланысы бар адам ретінде таныстырған. Осылайша азаматтарды ақша беруге, өз атына несие рәсімдеуге, тіпті пәтерлерін кепілге қоюға көндіріп, алынған қаражатты жеке басының қажетіне жұмсаған.
Сонымен қатар әйел декреттік төлемді көбейтіп беремін және пайызбен салынған ақшаны үстеме табыспен қайтарамын деп уәде беріп, бірнеше адамнан қомақты қаржы алған. Алайда ешбір уәдесін орындамаған.
Жәбірленушілердің бірі оның сөзіне сеніп, екі бөлмелі пәтерін 16 млн теңге несие үшін кепілге қойған. Күдікті бастапқыда несиенің бір бөлігін төлегенімен, кейін төлемді тоқтатып, байланысқа шықпай кеткен. Соның салдарынан тұрғын 9 млн теңгеден астам шығынға ұшыраған.
Тағы бір жағдайда әйел декреттік төлемді көбейтіп беремін деген желеумен 5 млн теңгеден астам қаражат алып, оны да қайтармаған.
Жалпы, оның әрекетінен 60-тан астам адам зардап шегіп, келтірілген материалдық шығын 500 млн теңгеден асқан.
Сот әйелді алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.



