
Атырау – Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында болған қайғылы оқиғаға қатысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Компания мәліметінше, оқиға 13 шілдеде Қандыағаш – Ақтөбе учаскесінде болған. Марқұм пойызға жол жүру билетінсіз отырған, оны вагон жолсеріктерінің бірі мінгізген. Жолда оның жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған.
«Пойыз бастығының рапортына сәйкес, марқұм болған жолаушы пойызға жол жүру құжатынсыз отырған. Оны вагондардың бірінің жолсерігі мінгізген. Қандыағаш – Ақтөбе учаскесінде жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ол көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі гипертониялық криз болған», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.
ҚТЖ вагондағы ауа баптау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істегенін және температура талапқа сай болғанын атап өтті.
Оқиғадан кейін компания ішкі қызметтік тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша екі жолсерік пен пойыз бастығы қызметінен босатылды. Сонымен қатар Ақтөбе телімінің бастығы мен өндірістік оқыту жөніндегі нұсқаушыға қатаң сөгіс жарияланды. «Батыс» филиалының басшылығына қатысты да тәртіптік шаралар қарастырылып жатыр.
Ал Көліктегі полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Ведомствоның алдын ала мәліметіне сәйкес, марқұмға екі жақты пневмония диагнозы қойылған.



