
Алакөл жағасында демалып жүрген жас жігіттің жағдайы аяқ астынан күрт нашарлап, ол есінен танып қалған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға 13 шілде күні демалыс базаларының бірінің маңында болған.
Сол сәтте аумақты патрульдеп жүрген ЖҚАЖ қызметкерлері жағдайды бірден байқап, көмекке ұмтылған.
Аға инспектор, полиция капитаны Асланбек Абдельдинов уақыт жоғалтпай алғашқы медициналық көмек көрсетіп, реанимациялық шараларды бастаған.
Бірнеше минутқа созылған арпалыстан кейін жігіт қайта тыныс ала бастаған. Осы кезде полиция капитаны қуанышын жасыра алмай:
«Жарайсың, мықтысың!» – деп жігер берген.
Кейін ол жігітті қауіпсіз қалыпқа жатқызып, жедел жәрдем жеткенше жағдайын бақылауда ұстаған. Ал арнайы бөлімшенің өзге қызметкерлері жедел жәрдем көлігін қарсы алып, медицина мамандарын оқиға орнына ең қысқа жолмен жеткізген.
Дәрігерлердің мәліметінше, жігіттің қазіргі жағдайы тұрақты. Оның өміріне қауіп жоқ.
Бұл оқиға дер кезінде көрсетілген алғашқы көмектің қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Полицейдің кәсіби дайындығы мен жедел шешімі жас жігітке екінші өмір сыйлады.



