Жаңалықтар

Әкімдік Үлкен ауылында АЭС құрылысының басталғаны туралы ақпаратқа жауап берді

Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы облысы Үлкен ауылында атом электр станциясының құрылысы басталғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Облыстағы Жамбыл ауданының әкімдігі ақпаратты терістеді, деп хабарлайды lysmedia.kz сайтына сілтеп.

Бейнероликте, болжам бойынша, “Google Maps” онлайн сервисы арқылы құрылыс объектілері көрсетіледі.

Хабарламада ондағы нысандардың Атом электр стансасы екені шындыққа жанаспайтыны айтылады.

“Бейнежазбада көрсетілген нысан 2011 жылы Балқаш жылу электр орталығы (ЖЭС) құрылысы жобасын жүзеге асыру кезінде салынған инфрақұрылым.

Жоба көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясының құрылысын қамтыды. Жоба аясында тиісті инфрақұрылымның, соның ішінде жұмысшыларға арналған тұрғын кенттің құрылысы басталды.

2014 жылы «Балқаш жылу электр орталығы» жобасын жүзеге асыру тоқтатылды” делінген ресми хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, онлайн-сервистің картографиялық деректеріне түзетулер енгізу және жалған ақпараттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне (ЦДИАӨМ) өтінім жіберілген.

Ел үкіметі жалпыұлттық референдумда АЭС салу туралы шешім қабылданса, оның құрылысын Алматы облысы Үлкен ауылында жүргізуді жоспарлап отыр. Референдум 6 қазанға жоспарланған.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close