Астанадан Ақтауға ұшуы тиіс Scat әуекомпаниясының рейсі бір жолаушының ережені бұзуы себепті уақытында ұша алмады, деп хабарлайды qandastar.kz.
Куәгерлердің айтуынша, бортқа отырғызу белгіленген уақытта басталғанымен, кейін жолаушылар ұзақ уақыт күту аймағында тұруға мәжбүр болған. Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан адамдардың тар жерде топталып тұрғаны, кейбірінің жерде отырғаны, ал балалардың ұйықтап қалғаны байқалады. Ересектердің бірі бөлмеде ауа жетпей жатқанын айтып шағымданған.
Көліктегі полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, отбасымен бірге сапарға шыққан ер адам ұшақ экипажының заңды талабына бағынбаған. Жолаушылар ұшаққа отырғызылған соң, ол өз бетінше салонынан шығып кеткен. Мұндай әрекет — әуе қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып саналады.
Полиция тәртіп бұзушыны әуежайда ұстаған. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс құзырлы органдарға жіберілді.
