Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматы полициясы қайырымдылықтағы алаяқтықтан сақ болуға шақырды

Алматы қаласының полициясы тұрғындарға қайырымдылыққа ақша аудармас бұрын ұйымдардың заңдылығын тексеру қажеттігін ескертті. Құқық қорғау органдары соңғы аптада заңсыз ақша жинаудың екі дерегін анықтап, азаматтарды алаяқтардың әрекетінен сақ болуға шақырды.

Алматы қаласының полициясы тұрғындар мен қала қонақтарын қайырымдылыққа қаражат аудармас бұрын ұйымның заңды қызметін мұқият тексеруге шақырды, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, қайырымдылық – қоғамдағы маңызды құндылықтардың бірі. Алайда соңғы уақытта алаяқтар азаматтардың жанашырлығын пайдаланып, қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформалар арқылы заңсыз ақша жинау әрекеттерін жиілеткен.

Полиция мәліметінше, тек соңғы бір апта ішінде Алматыда заңсыз қаражат жинаудың екі фактісі анықталған. Аталған оқиғалар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Құқық қорғау органдары қайырымдылық жасамас бұрын ұйымның ресми тіркелгеніне көз жеткізіп, оның қызметі, қаржылық есептері, ресми сайты мен банктік реквизиттері туралы ақпаратты тексеруге кеңес береді. Ашық әрі сенімді қайырымдылық қорлары жиналған қаражаттың қалай жұмсалатыны жөнінде тұрақты түрде есеп жариялап отырады.

Тимур Ноғайбаев азаматтарды қайырымдылықтан бас тартуға емес, оны жауапкершілікпен жасауға шақырды.

«Көмекке мұқтаж жандарды қолдау өте маңызды. Бірақ қаражат аудармас бұрын ұйым туралы ақпаратты тексеруге бірнеше минут бөлу – ақшаңыздың нақты мұқтаж адамға жетуіне және алаяқтардың қолына түспеуіне кепіл болады. Егер ақша жинаудың заңдылығына күмән туса, бұл туралы бірден полицияға хабарлаңыз», – деді ол.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button