Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Марокко шекараны босатқаннан кейін Сеутаға мыңдаған мигрант лап қойды

Марокко мен Испания шекарасында ірі миграциялық дағдарыс болды. Мыңдаған заңсыз мигрант Сеута эксклавына өтіп, Мадридте бұл жағдайдың саяси себептері болуы мүмкін деген күдік күшейді.

Марокко мен Испания арасындағы шекарада ірі миграциялық дағдарыс орын алды. Марокко шекарашыларының күтпеген жерден бақылауды әлсіретуінен кейін ондаған мың заңсыз мигрант Испанияның Солтүстік Африкадағы Сеута эксклавына қарай ағылды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі BILD на русском арнасына сілтеме жасап хабарлады.

30-31 шілде аралығында шамамен 60 мың мигрант Сеутаға кіруге әрекет жасаған. Олардың басым бөлігі шекарадан еш кедергісіз өтіп, Испания аумағына енген. Кейін кейбірі тәртіп сақшыларына тас лақтырып, дүкендерді тонағаны хабарланды.

Испанияның қауіпсіздік қызметтері жаппай көші-қон басталар алдында Марокко полициясы шекара бекеттерінен әдейі шегінгенін мәлімдеді. Тек кешкі уақытта ғана шекарашылар көзден жас ағызатын газ бен суатқыштарды пайдаланып, адамдар легін тоқтатуға кіріскен.

Бұл жағдай Мадридте алаңдаушылық туғызды. Ресми деңгейде Испания үкіметі Мароккомен арадағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін айтып, көрші елге айып таққан жоқ. Алайда бейресми ортада мигранттар ағынының артында саяси себептер болуы мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр.

Испания Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, дағдарыс басталғалы елге заңсыз өткендердің саны 50 мыңға жуықтаған. Соның ішінде 48 300 адам өз еркімен Мароккоға қайтарылған. Сонымен қатар Сеута аумағында 57 мигранттың мәйіті табылғаны белгілі болды. Марокко жағында да қаза тапқандар болуы мүмкін деген ақпарат бар. Осы оқиғадан кейін Испания теңіз және әуе шекараларындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті.

Кейбір мигранттар The New York Times басылымына Марокко полициясының оларды тоқтатпағанын, керісінше Сеута бағытын көрсеткенін айтқан. 26 жастағы Юсеф Алауидің сөзінше, тәртіп сақшылары оларға Испанияға қарай жүруге кеңес берген.

Оқиға Испания премьер-министрі Педро Санчестің Алжирге жасаған сапарынан бірнеше күн өткен соң тіркелді. Сарапшылардың пікірінше, Марокко Испанияның Алжирмен қарым-қатынасының нығаюына алаңдайды. Осыған байланысты бірқатар бақылаушылар мигранттар дағдарысын Батыс Сахара төңірегіндегі ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан саяси текетіреспен байланыстырады.

Батыс Сахара – мәртебесі әлі толық шешілмеген даулы аумақ. Марокко оны өз территориясы деп есептесе, Алжир тәуелсіздікті жақтайтын Полисарио майданын қолдайды. Ал БҰҰ өңірдің құқықтық мәртебесі түпкілікті анықталмағанын мәлімдейді.

Осындай жағдай 2021 жылы да тіркелген болатын. Сол кезде Марокко шекарадағы бақылауды әлсіреткеннен кейін мыңдаған мигрант Сеутаға өткен. Кейін Испания Батыс Сахара бойынша Марокко ұсынған автономия жоспарын қолдаған соң ғана жағдай тұрақталған.

Сарапшылардың айтуынша, мигранттар легінің артуына Испания Жоғарғы сотының жуырдағы шешімі де ықпал етуі мүмкін. Сот Сеутаға теңіз арқылы жеткен мигранттарды автоматты түрде Мароккоға қайтаруға болмайтынын, әрбір жағдай жеке қаралуы тиіс екенін мәлімдеген. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде «Сеутаға жүзіп жеткендерді депортациялау мүмкін емес» деген ақпарат кең таралып, билік мұны мигранттардың шекараға жаппай ағылуына әсер еткен факторлардың бірі деп санайды.

Back to top button