Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Ресей Федерациясының азаматына жоғалған сөмкесін санаулы сағат ішінде тауып берді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
Оқиға Өскеменге бара жатқан жолда болған. Ресейлік Евгения Шелехова құжаттары, ақшасы және жеке заттары салынған сөмкесін жоғалтып алған. Бөтен елде жеке және балаларының құжаттарынан айырылу оның жағдайын қиындата түскен.
Әйел Шемонаиха аудандық полиция бөліміне көмек сұрап жүгінгеннен кейін тәртіп сақшылары іздеу жұмыстарына бірден кіріскен. Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесінің көмегімен полиция қызметкерлері оның жүрген бағытын анықтап, сөмкенің жоғалған орнын қысқа уақыт ішінде тапқан.
Бейнежазбаларды зерттеген полиция қызметкері Виктор Никитиннің жұмысының нәтижесінде жоғалған сөмке ішіндегі барлық заттарымен бірге табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Евгения Шелехова полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, төлқұжаты, балаларының құжаттары мен ақшасының түгел сақталғанын айтты. Ол әсіресе полиция қызметкері Виктор Никитиннің кәсібилігі мен жедел әрекетіне алғыс жеткізді.
Аталған оқиға полицияның жедел жұмысы мен заманауи бейнебақылау жүйесінің тиімділігін тағы бір мәрте көрсетті.



