Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында марқұмның жақын құрбысы куәлік беріп, айыпталушы Шерхан Аймаханның бірнеше рет іздеп келгенін және осы жағдайдан кейін өзін де қауіпсіз сезінбегенін айтты, дейді Qandastar.kz сайты.
Куәгердің сөзінше, Шерханды өзі бір рет көрген. Кейін Ақсезімнен оның Нұрайды іздеп тағы бірнеше мәрте келгенін естіген. Оның айтуынша, айыпталушы университетке дейін барып, Нұрайдың жүрген жерін сұрастырған.
Куә сотта сол оқиғалардан кейін үйден жалғыз шығуға қорыққанын жеткізді. Ол Шерханның өзімен сөйлесуге бірнеше рет әрекет жасағанын, бірақ бұған келіспегенін айтты. Сол күні Ақсезімге хабарласып, көмек сұрағанын да еске алды.
Сот барысында куәгер Нұраймен соңғы рет 29 желтоқсанда кездескенін айтты. Оның сөзінше, сол күні Нұрайдың көңіл күйі жақсы болған. Ал оның қаза тапқанын 11 қаңтарда құрбыларынан естіген.
Куәгер әлеуметтік желілерде Нұрайдың мінезіне қатысты тараған пікірлермен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, марқұм ешқашан жанжал шығарып, өзгелерге тиісетін адам болмаған.
Сондай-ақ ол Ақсезімнен Шерханның Нұрайға қоқан-лоқы көрсеткені, күштеп көлікке отырғызғаны, телефонын алып қойғаны және киімін ауыстырғаны туралы естігенін айтты. Алайда бұл оқиғаларды өз көзімен көрмегенін атап өтті.
Куәгердің айтуынша, Шерхан Нұрайдың өзін ғана емес, оның жақындарын да мазалаған. Соның салдарынан отбасы бірнеше рет телефон нөмірлерін ауыстыруға мәжбүр болған.
Бұдан бөлек, ол Нұрайдың туған күні кезінде олардың үйінің алдына ақ раушан гүлдері жеткізілгенін айтты. Куәгер бұл гүлдердің Шерханнан келгенін айтып, оларды қоқысқа тастағандарын жеткізді. Сондай-ақ ол айыпталушының «Нұрайға гүл сыйладым, ақша бердім» деген сөздерімен келіспейтінін айтып, ол кезде Нұрайдың Шымкентте болғанын атап өтті.
Еске салайық, биыл қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай аса қатыгездікпен өлтірілді. Тергеу мәліметінше, айыпталушы Шерхан Аймаханға адам өлтіру және сталкинг бойынша айып тағылған. Қазір іс сотта қаралып жатыр.


