
Қазақстанда инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект жүйесі бірқатар өңірде өлім-жітімді 40%-ға төмендетуге көмектесті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елімізде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 50-ден астам AI-агент белсенді түрде дамып жатыр.
Олардың қатарында медицина мен кәсіпкерлік саласындағы жобалар бар.
«Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі – Cerebra AI. Бұл – инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады», – деді Жаслан Мәдиев.
Оның сөзінше, жүйе қазір Астанадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілген.
Сонымен қатар, Қаржы министрлігімен бірлескен жоба кәсіпкерлерге бизнес бастау үшін тиімді орындарды таңдауға көмектесіп, операциялық шығындарды екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.



