Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Семей орманындағы жаңа өрт: жүздеген маман жұмылып, тілсіз жау оқшауланды»

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында болған ірі орман өрті бірнеше күндік жұмыстардан кейін оқшауланды. Өртті сөндіруге 700-ден астам маман, арнайы техника және авиация тартылды. Қазір мамандар бықсып жатқан ошақтарды жою жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, өрт найзағай салдарынан тұтануы мүмкін.

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында болған ірі орман өрті бірнеше күндік күрестен кейін оқшауланды. Қамышен орманшылығы аумағында 16 шілдеде басталған өртті сөндіруге жүздеген маман мен арнайы техника жұмылдырылды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Өртпен күрес жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі, орман шаруашылығы мекемелері, жергілікті атқарушы органдар және Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, қызыл жалынды ауыздықтауға 769 адам, 191 арнайы техника және 8 тікұшақ тартылған. Авиация көмегімен 319 рет су төгіліп, өрт аумағына 709 тонна су жеткізілген. Мамандарға ауа райының ыстығы, өрт қаупінің жоғары деңгейі және күрделі жер бедері қиындық туғызған.

Премьер-министрдің тапсырмасымен оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев барған.

Экология министрінің мәліметінше, өрттен зардап шеккен аумақ көлемі шамамен 370 гектарды құраған. Өрттің нақты шығу себебі әзірге анықталмаған. Алдын ала болжам бойынша, оған найзағай себеп болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұл «Семей орманы» аумағындағы алғашқы ірі өрт емес. 2023 жылы резерватта болған алапат өрт кезінде шамамен 60 мың гектарға жуық жер отқа оранып, орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапқан еді. Осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған.

Соңғы өрт бойынша мамандар ашық жалынды толық сөндіріп, қазіргі таңда бықсып жатқан ошақтарды жою және аумақты бақылау жұмыстарын жүргізуде.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button