
Алматыда автотұрақтарды пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жаңа қағидаға сәйкес, көпқабатты үйлердің тұрғындары өз мекенжайынан 500 метр радиуста орналасқан бір коммуналдық автотұрақта бір автокөлігін тегін қоя алады.
Бұл туралы мәслихат отырысында Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаев мәлімдеді.
Айта кетейік, тұрғындарға нақты бір тұрақ орны бекітілмейді. Бұл автотұрақтарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа құжатта автотұрақтарды жабдықтау, олардың жұмыс тәртібі мен төлем жасау талаптары біріздендірілген. Ереженің сақталуы мобильді және стационарлық фото-бейнетіркеу жүйелері арқылы бақыланады.
Жүргізушілер үшін қолданыстағы жеңілдіктер де сақталады. Атап айтқанда, жолаушыны отырғызу немесе түсіру үшін көше бойындағы тұрақтарда алғашқы 5 минут тегін болса, алаңдық автотұрақтан шығуға 10 минутқа дейін ақы алынбайды.
Бұдан бөлек, соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы аналар, электр көліктерінің иелері және жедел қызмет көліктері бұрынғыдай автотұрақ ақысын төлеуден толық босатылады.



