Жаңалықтар

2024 жылы қазақстандық футболға бюджеттен қанша қаржы бөлінді?

Фото: ҚФФ

Қазақстан премьер-лигасының (ҚПЛ) футбол клубтары облыс және қала әкімдіктерімен қанша сомаға келісімшартқа отырғаны белгілі болды, деп жазады qandastar.kz Stan.kz-rt cілтеме жасап.

Дядя-Ваня Telegram арнасының хабарлауынша, биыл Қазақстан премьер-лигасының командалары жалпы сомасы 25,68 миллиард теңге болатын тендерлерді жеңіп алған. Мемлекеттік сатып алулар сайтында тағы үш тендер бойынша сауда-саттық өткізіліп жатыр. Оның екеуін 187,5 миллион теңгеге және 312,5 миллион теңгеге Ақтөбе облысының мәдениет және спорт басқармасы жариялады. 892,9 миллион теңгелік тағы біреуі – Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына тиесілі.

Қалған келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін элиталық дивизион клубтары үшін жергілікті бюджет шығыстары 1,38 миллиард теңгеге өсіп, 27,06 миллиард теңге болмақ. Бұл сомаға «Астана» футбол клубының шығындары кірмейтіні атап өтілді. Өйткені соңғы жылдары елордалық команда квазимемлекеттік сектордан, яғни “Sport Qory” деп аталатынспорт саласындағы бюджеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператордан қаржыландырылған.

«Самұрық-Қазына» АҚ ведомстволық бағынысты ұйымы кәсіпқой клубтарды ұстауға кететін шығындарын келесі жылы ғана жариялайды. Сондықтан «Астана» футбол клубын қаржыландыру туралы ақпарат тек болжам болуы мүмкін. Дегенмен, алдыңғы есептерде көрсетілгендей, өткен маусымда қор бұл мақсаттарға 5,3 миллиард теңге жұмсаған. Ал бір жыл бұрын – 4,8 миллиард теңге», – делінген хабарламада.

Бұл ретте «Ақтөбе» футбол клубы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен жалпы сомасы 5,712 миллиард теңгеге 3 жылға келісім-шарт жасасқаны хабарланды.

Сондай-ақ 2024 жылы Қазақстанда жергілікті бюджеттерден футболды қаржыландыру көлемі анықталды:

  • «Ордабасы» кәсіпқой футбол клубы» АҚ – 5,3 миллиард теңге (облыстың спортқа жұмсалған жалпы шығындарының 87,1%);
  • «Ақтөбе» аймақтық футбол клубы» АҚ – 4,55 миллиард теңге (40,1%);
  • «Елімай» футбол клубы» ҚҚ – 2,341 миллиард теңге (72%);
  • «Қызыл-Жар СК» футбол клубы» ЖШС – 2 миллиард теңге (51,5%);
  • «Атырау» аймақтық футбол командасы» ЖШС – 1,9 миллиард теңге (29%);
  • «Тобыл» футбол клубы» ҚҚ – 1,647 миллиард теңге (46,9%)
  • «Қызылорда облыстық «Қайсар» футбол клубы» ЖШС – 1,636 миллиард теңге (70,6%);
  • «Жеңіс ФК» ЖШС – 1,599 миллиард теңге (28,9%);
  • «Тұран» кәсіпқой футбол клубы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны – 1,399 миллиард теңге (24,7%);
  • «Жетісу» футбол клубы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны – 1,396 миллиард теңге (32,7%);
  • «Шахтер» футбол клубы АҚ – 1,2 миллиард теңге (17,1%);
  • «Қайрат» футбол клубы» ЖШС – 0,75 миллиард теңге (3,2%).

Еске салайық, қаңтар айында қызылордалық «Қайсар» футбол клубын кейіннен 5 жылға сатып алу арқылы сенімгерлік басқаруға беру жоспарланғаны хабарланған еді. Сонда лоттың бастапқы бағасы 1,6 миллиард теңге болды. Бастапқы төлем – 252,9 миллион теңге. Сондай-ақ «Қайсар» футбол клубының ойыншылары үш айдан бері жалақы ала алмай жүргенін айтқан.

Қазан айының басында «Каспий» футбол клубының бұрынғы ойыншылары мен қызметкерлері сот арқылы кәсіпорыннан еңбекақысын алған еді. Футбол клуб оларға миллиондаған теңге қарыз.

Сондай-ақ мемлекет қаржыландыратын «Қайсар» футбол клубының ойыншылары бірнеше айдан бері жалақыларын ала алмай жүргені белгілі болды.

Қараша айында Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кететінін мәлімдеді.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close