Жаңалықтар

Президент жаңа заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты turkystan.kz порталына сілтеме жасап. 

Заңда жасанды интеллект жүйелерінің қызметін реттейтін негізгі қағидаттар бекітілді.

Жасанды интеллект ақпараттандыру нысаны ретінде айқындалып, енді адамның нақты міндеттерін орындауға арналған құрал ретінде қарастырылады.

Осыған байланысты құжатта жауапкершілік пен бақылаудың жаңа тәртібі енгізілді: жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен пайдаланушылары олардың жұмысын қолдану кезіндегі өз рөліне сәйкес жауап береді. Сондай-ақ оларға тәуекелдерді басқару, жүйенің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету, техникалық қолдау көрсету міндеттері жүктелген.

Сонымен қатар заңда заңдылық, әділдік, теңдік, ашықтық, түсініктілік, адамның игілігін басым қою, шешім қабылдау еркіндігін сақтау, дербес деректерді қорғау және құпиялылық, қауіпсіздік пен қорғаныс сияқты қағидаттар бекітілді.

Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында Қазақстан аумағында бірқатар функциялары бар жасанды интеллект жүйелерін жасау мен пайдалану шектеледі. Атап айтқанда, манипуляциялық, түпсаналық мүмкіндіктері бар, не болмаса жеке деректер туралы заңнаманы бұза отырып деректер жинайтын жүйелерге тыйым салынды.

Жасанды интеллект қолданылып жасалған тауарлар, қызметтер және жұмыстар арнайы таңбалануға тиіс — бұл пайдаланушыға олардың жасанды интеллект қатысуымен орындалғанын анық білу үшін енгізілді.

Әлемдік тәжірибені ескере отырып, ұлттық жасанды интеллект платформасын құру және дамытуға қатысты құқықтық негіздер де бекітілді. Бұл платформа белгілі бір уақыт аралығында бағдарламалық өнімдер мен жасанды интеллект моделдерін әзірлеу, үйрету және тестілеу үшін пайдаланылатын болады.

Заңның толық мәтіні ресми баспасөзде жарияланады.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға да қол қойды.

Бұл түзетулердің бірінші бөлігі жаңа «Жасанды интеллект туралы» Заңға сәйкес келтіру мақсатында жасалған.
Екінші бөлігі басқа салалардағы нормаларды жетілдіруге бағытталған.

Жаңашылдықтар қатарында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің Қазақстан аумағында айналымын реттеу нормалары бар. Бұған дейін мұндай активтер тек АХҚО аумағында ғана айналымға жіберілетін.

Жеке деректерді қорғауды күшейту үшін келісім мерзіміне қатысты талап нақтыланды: енді деректерді өңдеуге рұқсат беру мерзімі мақсатқа жету үшін қажетті уақыттан аспауы тиіс. Сонымен бірге деректер субъектісі немесе оның өкілі деректерді жинауға және өңдеуге берілген келісімді иесіне, операторға немесе үшінші тұлғаға хабарлау арқылы қайтарып алуға құқылы.

Ішкі бөлшек саудада тауарларды таңбалау рәсімі де жаңғыртылды — енді операцияларды есепке алу идентификациялық құралдарды оқитын бақылау-касса машиналары арқылы жүргізіледі.

Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы талаптар да бірқатар түзетулер арқылы күшейтілді.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button