Жаңалықтар

«Қауіпсіздігімізді кім ойлайды»: Алматылық тұрғындар пышақ ұстап, пәтерлердің есігін қаққан ер адамның бостандықта жүргеніне ашулы

Фото:Лаура Қанайбекова жіберген видео кадрларынан скрин

Алматыдағы Шұғыла ауданында “Алма Сити” тұрғын үйінде жұртшылық қолына пышақ ұстап, пәтерлердің есігін қаққан ер адамның бостандықта жүргенін айтып шағымданды, деп жазды qandastar.kz

Тұрғындар мас күйде жүрген оның тіпті лифтіде тұрғынның біріне шабуылдағанын да көрген. Полиция шақырған кезде оның пәтерінің есік алдынан екі пышақ табылған. Алайда оны құқық қорғау қызметкерлері қылмыс болмағандықтан тек үш сағат қамауға алып жіберіп қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 17 сәуірде сағат 20:00 шамасында болған. Шұғыла шағын ауданының тұрғыны Лаура Қанайбекова Stan.kz тілшісіне қазір тұрғындардың бәрі кіріп-шығуға қорқып жүргенін айтты.

“Бәріміз бір подъезд, бір лифтпен жүреміз. Негізі бұл кісіні күндіз көргенмін. Қабырғалас көрші болған соң, “суық су бар ма” деп сұрады. Одан алкогольдің иісі шығып тұрса да, кеше ішіп иісі кетпеген шығар деп жаман ойламадым. Сосын суық су туралы білмейтінімді айттым.

Кейін суық су іске қосылды. Мен үйден қонақтарымды шығарып салғаннан кейін кешке сағат 20:00-де жаңағы 57 пәтердің тұрғыны қолында қара пышағы бар есікті қатты қақты. Қайта Алла сақтап, есікті ашып жібермей, есіктің көзшесінен (глазогынан) қарадым”, – деді Лаура.

Лаура қатты қорыққаннан полицейлерді шақырғанын айтты.

“Полицейлер келген соң маған арыз жазу үшін сыртқа шығуымды сұрады. Ал мен өзім қорқып тұрғанымды, үйімнен шыға алмай отырғандықтан олардың көмегіне жүгініп тұрғанымды айтып, іштей қатты ашуландым. Кейін полицейлердің өздері 8-қабатқа көтеріліп, жаңағы кісінің пәтерін ашқан кезде есік алдында екі пышақ жатты. Менің түрімді көрмесін деп пәтерімнен шықпай отырдым.

Алайда полицейлер еш қылмыс болмағандықтан оның үстінен іс қозғай алмайтындарын айтты. 3 сағат қамауда ұстап жіберіп қойыпты. Сонда біз осы адамдармен қалай қорықпай өмір сүреміз? Қолына пышақ ұстап келіп тұрған адамның тонау, не зорлау, өлтіру ой болады ғой. Мынау сұмдық қой! Көршілес есікте тұратындықтан өте қорқынышты. Қауіпсіздігімізді кім ойлайды сонда? Міндетті түрде қанды оқиға болу керек пе?!” – деп қосты ол.

Тұрғындар күндіз бұл кісінің қолындағы пышағымен лифттегі адамға шабуылдағанын да көрген.

Осы мәселеге орай Stan.kz тілшісі Алматы қаласының полиция департаментінен пікір сұрады.

“Қоңырау келіп түскен соң, полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Ер адам Наурызбай аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, оған қатысты ӘҚбК-нің 440-бабы (қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде) болғаны үшін және ӘҚбК-нің 434-бабы 1 бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Материалдар белгіленген тәртіппен шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Алматы полициясы, азаматтардың қауіпсіздігі біздің басты міндетіміз екенін атап көрсетеді. Әрбір жағдайда барлық мән-жайларды ескере отырып, әрекеттерге құқықтық баға беріледі”, – делінген хабарламада.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close